
2-11 сынып оқушылары арасында тоғызқұмалақ ойынының облыстық кезеңі өткізілді
Қыркүйек айының 25-26 күндері Семей қаласының №48 жалпы орта білім беретін мектебінде 2-11 сынып оқушылары арасында тоғызқұмалақ ойынының облыстық кезеңі өткізілді. Бұл жарысқа Абай облысының барлық аудандарынан келген жас спортшылар қатысып, өзара үздіктер анықталды.
🎯 Жас ерекшеліктеріне қарай 2–4, 5–8 және 9–11 сыныптар бойынша ұйымдастырылған сайыста мықтылар айқындалып, әр санаттан 5 ұл және 5 қыз оқушы республикалық кезеңге жолдама алды.
🏆 Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен 6–10 қазан күндері Астана қаласында тоғызқұмалақтан 2–11 сынып оқушылары арасында республикалық олимпиаданың шешуші кезеңі өтті. Бұл додаға еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам үздік оқушы қатысып, өз шеберліктерін көрсетті.
🤝 Абай облысының намысын Семей қаласының №11, №12, №18, №22, №23, №35, №45, №47 және №49 мектептерінің оқушылары абыроймен қорғады. Нәтижесінде өңір оқушылары алғаш рет командалық есепте жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.
🌟 Бұл жетістік – облыс мектептерінде ұлттық спорт түрлерін дамыту мен дарынды балаларды қолдау бағытындағы еңбектің жемісі. Абай облысы командасының жаттықтырушылары мен ұстаздары жас спортшылардың табандылығына ризашылықтарын білдіріп, олардың алдағы уақытта да жоғары жетістіктерге жететініне сенім білдірді.
🎉 Жарыс жеңімпаздарын туған қаласына оралған сәтте Семей қаласының теміржол вокзалынан ата-аналары мен жақындары, жаттықтырушылары зор қуанышпен күтіп алды. Балаларды гүл шоқтарымен қарсы алған туыстары олардың жетістігіне мақтанышпен қуанып, жеңіс сәтін ерекше әсерлі мерекеге айналдырды.