Астана қаласында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 15–17 жас аралығындағы дарынды жасөспірімдер арасында ең беделді байқаулардың бірі – «El Umiti» Премиясының финалы өтті. Биыл жобаға 500-ге жуық өтінім түсіп, іріктеу кезеңдерінен өткен 21 жас талант финалда бақ сынады.
➡️Қатысушыларға қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселені қысқаметражды фильм арқылы бейнелеп, оны шешудің тың жолын көрсету тапсырылды. Абай облысы «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінің 11-сынып оқушысы Алишер Адильхан «Гаджеттерге тәуелділік» тақырыбында 5 минуттан асатын фильм ұсынып, І орын иегері атанды.
📱Фильм бір апта ішінде дайындалған. Жоба қазақ тілінде түсіріліп, ағылшын субтитрлерімен толықтырылған. Автордың айтуынша, әлеуметтік желіде көп уақыт отыру адамның зейінін төмендетеді. Осы ойды көрнекі түрде жеткізген жұмысы жоғары бағаланып, 2 000 000 теңге көлеміндегі бас жүлдеге лайық деп танылды.
✅Алишер болашақта жобасын жетілдіріп, фильмге ата-аналар бейнесін қосуды жоспарлап отыр. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ата-ананың да гаджетке тәуелділігі балаларға тікелей әсер ететінін көрсетуді мақсат етіп отыр.
✅Бұл жеңіс – Абай облысы жастарының білімділігі мен шығармашылық әлеуетінің жарқын дәлелі. Айта кетерлігі, өткен жылы да лицейдің оқушылары дәл осы байқауда бас жүлдені иеленді. Осылайша, өңір жастары екінші жыл қатарынан үздіктер көшін бастап отыр.
«El Umiti» Премиясы – «El Umiti» Корпоративтік қорының бірегей жобасы. Ол жасөспірімдердің қабілетін шыңдап, спорт, білім, еріктілік, экология, ұлттық мұра сияқты салаларда өзін-өзі жетілдіруге жол ашатын маңызды республикалық платформа саналады.