ui.news.categories.Жаңалық
Жалпы білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары арасында XXVIII республикалық «Абай оқулары» аяқталды
25.06.2026 14:23
Байқаудың салтанатты ашылу рәсімі 21 маусым Семей қаласында өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының және Абай облысы білім басқармасының өкілдері, өңірлік «Дарын» орталықтарының қызметкерлері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Аталған шараға Прага мемлекеттік университетіне қарасты «UniSchool» орталығының басшысы Карменова Мадина Аклбековна, «Edlight Academy» ЖШС Бас директоры Тор Али, Абай ауданының әкімі Мейіржан Серікбосынұлы, «Адал Ас» ЖШС басшысы Ермек Асылхазыұлы, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ «Абай» облыстық филиалының директоры Жазира Нариманқызы демеушілік көрсетті.
Байқау бес бағыт бойынша өтті. Атап айтқанда, қатысушылар «Абайдың асыл мұрасы», «Абайдың ақын шәкірттері», «Әнді сүйсең, менше сүй», «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» және «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» номинациялары бойынша сынға түсті. Байқау барысында қатысушылар ақын өлеңдерін оқып, ән шырқап, Абай мен Шәкәрім мұраларын насихаттап, шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін, шешендік өнері мен сахналық шеберліктерін көрсетті.
Байқау аясында қатысушылар мен қонақтар үшін Семей - Қарауыл - Жидебай бағыты бойынша тарихи-танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Жас өрендер алдымен Бөрілідегі М.Әуезов музей-үйінде болып, ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды деректермен танысты. Қонақтарды мектеп, балабақша және музей ұжымдары қазақы дәстүрге сай қарсы алып, ұлттық өнердің көркем үлгілерін ұсынды.
Экскурсия барысында қатысушылар Абайдың туған жері – Сырт Қасқабұлаққа, Еңлік-Кебек ескерткішіне, Қарауыл ауылындағы Абай ескерткішіне және қасиетті Жидебайға барып, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасымен жақынырақ танысты. Әр тарихи орында театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, ұлттық өнердің үздік үлгілері ұсынылды. Әсіресе, Қарауыл гимназиясы ұжымының ұйымдастыруымен сахналанған «Еңлік-Кебек» қойылымы көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Қарауыл ауылындағы Абай ескерткіші жанында өткен салтанатты шара барысында Абай ауданының әкімі Мейіржан Серікбосынұлы құттықтау сөз сөйлеп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар мен қонақтар ұлы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Абай рухына тағзым етті.
Қасиетті Жидебай жерінде қатысушыларды «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің өнерпаздары Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнімен қарсы алды. Бұдан кейін қонақтар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының аумағын аралап, ақынның музей-үйімен танысты. Сонымен қатар, олар Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында орналасқан «Өлімнен де күшті» мемориалдық кешеніне барып, өңірдің тарихи-мәдени мұраларымен танысты.
Байқауды жабылу салтанаты 24 маусым күні М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінде өтті. Байқау қорытындысы бойынша аудан мектептерінің оқушылары жоғары нәтиже көрсетті.
Атап айтқанда, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» бағыты бойынша Абай ауданы Жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Қайратқызы Наз І орынды, Ақсуат ауданы Ю.Гагарин атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Серіков Азамат ІІ орынды иеленді.
«Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» бағыты бойынша М.Әуезов атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Байбосынова Қарақат ІІ орынға ие болды.
«Абайдың асыл мұрасы бағыты бойынша Жарма ауданы Т.Хасенұлы атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Қайрбек Кәусар ІІІ орынды иеленді.
«Әнді сүйсең менше сүй» бағыты бойынша Ерболов Ерали ІІІ орынды қанжығалады.
Ал «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» бағыты бойынша Жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Еркежан Молиханова арнайы грамотамен марапатталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдармен қатар демеушілердің бағалы сыйлықтары табысталды.
Тағылымы мол республикалық байқау жас ұрпақтың Абай мұрасын терең танып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуіне, шығармашылық қабілеттерін шыңдауына және рухани дүниесін байытуына зор мүмкіндік берді.