«Абай облысындағы өлкетану қозғалысының дамуының рөлі: тарихы мен қазіргі кезеңі» тақырыбында танымдық кездесу өткізілді
⚜️2025 жылғы 9 желтоқсанда «Прииртышье» өлкетану қоғамы мен Абай облысы «Дарын» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы арасындағы меморандум аясында Семей қаласындағы Экономикалық лицейдің оқушыларымен «Абай облысындағы өлкетану қозғалысының дамуының рөлі: тарихы мен қазіргі кезеңі» тақырыбында танымдық кездесу өткізілді.
🔹Кездесуді «Дарын» орталығының әдіскері, өлкетанушы В. Боровинский жүргізді. Ол Семей қаласында өлкетанудың қалыптасуы мен дамуы тарихына арналған интерактивті мұражай сабақ өткізді. Сабақтың кіріспе бөлімінде оқушыларға: «Сіз Семей қаласы бойынша экскурсияны қай жерден бастар едіңіз? Қандай көрікті нысандарды ұсынар едіңіз?» деген сұрақ қойылды. Жауаптар қатарында қала мұражайларына бару жөнінде мазмұнды ұсыныстар айтылды, сондай-ақ Семейдің белгілі нысандары – аспалы көпір, Бейбітшілік аралы, Жеңіс аллеясы аталды.
🔗Одан әрі XIX–XX ғасырлардағы белгілі өлкетанушылардың еңбегі, сондай-ақ «Прииртышье» өлкетану қоғамының қазіргі кезеңдегі туған өлкені зерттеу бағытындағы жұмыстары туралы презентация ұсынылды. Сабақ барысында қаланы және өңірді тарихи әрі табиғи тұрғыдан зерттеу әдістері түсіндірілді. Сонымен қатар топонимика жөніндегі білімнің өңір халқының этнографиясы мен фольклорын танудағы маңызы ерекше атап өтілді. Оқушылар «Бұл қандай зат?» ойыны мен көне монеталар мен мөрлердегі бейнелерге арналған «Миға шабуыл» тапсырмаларына қызығушылық танытты. Сабақ барысында өңір тарихындағы ұмытылған немесе аз зерттелген деректерге ерекше назар аударылып, оқушылар тарапынан қызығушылық арта түсті.
Шараға қатысушылар белсенді пікірталас жүргізіп, өлкетанушылардың жұмыс бағыттары, қолданатын әдістері және жетістіктері туралы мол мағлұмат алды. Кездесу соңында оқушылар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, туған өлкені танудың, тарихи сананы дамытудың және өлкетану мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына қатысты өз ойларымен бөлісті.