Абай оқулары алғаш рет халықаралық деңгейде өтеді
📅 2025 жылғы 18-21 маусым күндері Семей қаласында жалпы білім беретін ұйымдардың 8-11 сынып оқушылары арасында XXVI Республикалық «Абай оқулары» шығармашылық конкурсы өтеді. Биылғы байқау ұлы ақын, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай алғаш рет халықаралық деңгейде өтуде.
👨🏻🎓👩🏻🎓Зияткерлік сайысқа Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия және Қытай елдерінен 130-дан астам оқушы мен 50-ге жуық жетекші қатысады.
🎯 Абай оқуларының мақсаты – қазақ халқының әдеби мұрасын насихаттау, оқушылардың классикалық әдебиетке қызығушылығын арттыру, Абай мен Шәкәрім шығармаларындағы көркемдік, танымдық, рухани құндылықтарды өскелең ұрпақтың бойына сіңіру.
🏆 Байқау бес номинация бойынша өткізіледі:
1️⃣ «Абайдың асыл мұрасы» – Абай өлеңдері мен қара сөздерін жатқа, мәнерлеп оқу. Қатысушының шығармаларды білу деңгейі мен көркем оқу шеберлігі ескеріледі.
2️⃣ «Абайдың ақын шәкірттері» – Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия шығармаларын жатқа оқу. Мәтіндерді толық меңгеруі мен қазылар алқасының сұрақтарына жауап беруі бағаланады.
3️⃣ «Әнді сүйсең менше сүй» – Абай, Шәкәрім, Ақылбай әндері мен күйлерін орындау. Әр қатысушы кемінде үш шығарма дайындап келуі қажет.
4️⃣ «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» – қатысушының өз шығармасы ұсынылады. Қажет болған жағдайда қосымша тапсырма беріледі.
5️⃣ «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» – Абай туралы көркем шығармаларды (мысалы, М.Әуезовтің «Абай жолы», Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», К.Оразалиннің «Абайдан соң») меңгеру деңгейі мен әдеби талдау жасау қабілеті бағаланады.
🥇 Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен, алтын, күміс, қола медальдарымен, сондай-ақ арнайы номинациялар бойынша дипломдар мен грамоталармен марапатталады.
Байқаудың ашылу салтанаты 18-маусым күні сағат 16:00-да М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі «Ес-Аймақ» орталығында өтеді. Марапаттау рәсімі 21-маусым күні, сағат 10.00-де М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» орталығында болады.
